Синхрониядағы номографиялық әдістер
Егер де жоғарыда қарастырған идиографиялық әдіс тілді басқа тілдермен салыстырмай тілді «ішінен» зерттесе, номографиялық әдіс тілді жалпы адамзат тілімен байланыстыра зерттейді. Тілдерді салыстыра зерттеу нәтижесінде тілдердегі ерекшеліктер мен ұқсастықтарды анықтауға болады. Салыстыру нәтижесінде әлем тілдерінің барлығына тән универсалияларды немесе әлем тілдерінің көпшілігіне тән фреквенталияларды айқындауға болады.
Номографиялық зерттеудің мақсаты – универсалды грамматикадан асып, әлем тілдеріндегі универсалийлермен идиоэтникалық құбылыстарды зерттеу, жеке тілдер типологиясымен қатар барлық әлем тілдерінің типологиясын жасау және лингводидактиканың ғылыми негізін жасау сияқты мәселелерді қарастырады.
Синхрониядағы номографиялық әдіс зерттеу мақсатына қарай үшке бөлінеді: а) салыстырмалы; ә) салғастырмалы (констрастивті);
б) типологиялық.
Салыстырмалы және салғастырмалы (констрастивті) әдістер, олардың жетістіктері мен кемшіліктері туралы жоғарыда айтылды. Сондықтан енді типологиялық әдіске тоқталамыз.
Құрылымдық типология әдісі
Салыстырмалы және салғастырмалы әдістердің бір жақтылығын жою мақсатында типологиялық әдіс пайда болды. Бұл әдістің негізгі мақсаты – әлем тілдерінің және зерттелетін тілдердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын іздеу, әлем тілдерінің типологиялық классификациясын жасау. Бұл салыстырмалы және салғастырмалы әдістердің бірлігі, оны туыс тілдерде де және туыс емес тілдерді салыстырғанда да қолдануға болады. Аталмыш әдіс бойынша әлем тілдерінің сәйкестендірілмелі құбылыстарын барлық деңгейде зерттеуге болады.
Құрылымдық типологияның тағы бір мәселелерінің бірі – шетел тіліне үйретудің лингвистикалық негізін жасау.
Негізгі ұғымдар
Типология – тілдік құбылыстардың әр деңгейдегі жүйелер (фонология, лексика, грамматика) жиынтығы туралы немесе жалпы әлем тілдері жиынтығы туралы ғылым.
Тип – ортақ, бірқатар біріктіретін белгілері бар тілдік құбылыстардың жиынтығы.
Тілдік құбылыстардың ұқсастығы – ұқсас, біртекті заттарды бір типке, класқа біріктіретін белгілер саны.
Айырмашылық – бір тілдегі құбылыстың салыстырып отырған екінші бір тілден ерекшелендіретін өзгешелік.
Ұқсастық/айырмашылық деңгейі – салғастырылып отырған құбылыстардың ұқсас және ерекше белгілерінің сандақ арақатынасымен анықталады. Ұқсастық белгілері көп болса, ұқсастық деңгейі жоғары болады және керісінше.