Компоненттік талдау тәсілі
Компоненттік талдау тәсілі қазіргі семантикада қолданылатын өте кең тараған тәсілдердің бірі. Компоненттік талдау дистрибутивтік әдістің варианты болып табылады. Бұл тәсілдің мақсаты сөздің мағынасының, семаның құрылымын анықтау. Сема (грек. Sema- белгі) - мағынаның әрі қарай бөлінбейтін ең кіші бірлігі. Бұл тәсілді түс, туыстық қатынастар, үй немесе жануарлар аттарын талдағанда қолдануға болады. Мысалы: туыстық терминді анықтағанда үш сема қолданылады: а) Жынысына қарай айыру; ә) Туыстық жақындығына қарай; б) Жасына қарай айыру (үлкен-кіші). Мысалы: әке – сөзінің мағынасы үш семадан тұрады: а) еркек; ә) тура туыс; б) жасы бойынша үлкен.
Дистрибутивті әдістің жетістіктері мен кемшіліктері
Дистрибутивті талдау тіл элементтерін олардың сөздегі, сөйлемдігі қоршауын өзгерте отырып бақылау. Бұл лингвистикалық зерттеулердің объективті және дәлді болуына ықпал етеді. Бұл әдісті зерттеуге тура бағытталған эксперимент деп те айтуға болады.
Аталмыш әдістің тіл білімінде алатын орны ерекше. Бұл әдіс бойынша мағынаның парадигматикалық және синтагматикалық қатынастарын есепке ала отырып, басты назар сөздің мағынасына аударылады. Дегенмен, бұл әдіс те зерттеудің барлық мәселелерін толық шеше алмайды. Аталмыш әдістің төмендегідей кемшіліктерін айта кеткен жөн:
1) Дистрибутивті әдіс бүкіл сөйлемнің семантикалық ерекшелігін толық аша алмайды;
2) Сөйлемдегі, айтылымдағы екі ұштылық, астарлылықтың да ерекшеліктері толық ашылмайды.
Транформациялық әдіс
Жоғарыда айтылып кеткен дистрибутивті әдістің кемшіліктерін толықтыру мақсатында трансформациялық әдіс пайда болды.
Трансформациялык әдіс сөйлемдегі күрделі синтаксистік құрылымдарды неғұрлым қарапайым құрылымдардан шығаруға негізделген әдіс. Трансформациялық әдістің негізгі ұстанымдарын ХХ ғасырдың 50-жылдарының басында Э. Харрис (АҚШ) ұсынған болатын. Трансформациялық әдіс алғашында дистрибутивті талдауға қосымша түрінде пайда болған, бірақ ол сөйлемдегі күрделі синтаксистік құрылымдарды байқауға тиімсіз болды, себебі сөйлемдегі дистрибуция ұғымы дегенде ешбір мән, мағына жоқ.
Бұл әдісте зерттеуші әрі сынаушы (бақылаушы), әрі сыналушы бола алады, немесе бұл мақсатта информанттардың қызметін пайдалана алады. Осыдан келіп трансформациялық әдістің мақсат - міндеттері шығады:
1) Композитадан бастап сөйлемге дейін кез келген құрылымның семантикалық ерекшеліктерін зерттеу.
2) Туынды конструкциялардың пайда болу ережелерін зерттеу.
3) Әр түрлі синтаксистік құрылымдардың тепе-теңдігін және бір айтылымның мағыналық айырымын түсіндіру.
Негізгі ұғымдар
Синтаксистік жүйе (граматикалық синтагматика) екі жүйе бөлігінен тұрады: ядролық (орталық) және туынды.
Орталық синтаксистік жүйе бөлігі міндетті және факультативті (қосалқы) актанттардан тұратын орталық (ядролық) сөйлемдерден тұрады.
Туынды синтаксистік жүйе бөлігі – бұл орталық жүйе Баланың кітабы бар.
Трансформация (лат. transformatio – өзгеру, ауысу) – орталық конструкциядан «ішкі» аудару арқылы, яғни бір мағына беру үшін әр түрлі тілдік тәсілдерді қолдану арқылы туынды конструкция жасау.
Трансформ – бұл орталық конструкциядан жасалған әрбір жеке конструкция. Мысалы: салыстырыңыз:
Баланың кітабы бар.
Кітап баланыкі.
Кітаптың иесі бала.
Баланың кітабы.
Кітап балаға тиесілі.
Балаға тиесілі кітап.
Бұл жерде 5 трансформ берілген. Бірақ оның барлығы сөйлем болып табылмайды. Оның кейбірі сөз тіркестері, бірақ та оларды біріктіріп тұрған жалпы мағына – пропозиция.
Пропозиция – бір сөз тіркесінің немесе сөйлемнің, немесе бірнеше сөз тіркестері мен сөйлемдердің негізінде жатқан ортақ мағына; сөйлемнен туындайтын конструкцияларға ортақ семантикалық инвариант. Мысалы: әжем жіп иіріп отыр, әжемнің иірген жібі т. с.с.
Трансформация ережелері – трансформация жасау үшін, яғни алғашқы конструкциядан трансформдар алуға арналған нұсқаулар. Өзгерудің жалпы және жеке ережелері бар.
Жалпы трансформациялық ережелер:
а) Бір орталық конструкциядан алынған барлық трансформдар бір мағынаны, яғни пропозицияны беру керек.
ә) Трансформдарды жасауда конструкцияның синтаксистік құрылымын өзгертуге болады, бірақ мағынасын өзгертуге болмайды.
б) Кейбір жағдайда конструкция элементтерінің пропозициялық құрылымын өзгертпейтін сөзді синониммен ауыстыруға болады.
Мыс.: Баланың кітабы бар.
Кітап баланыкі. (бар түсіп қалған)
Жеке трансформациялық ережелер трансформациялық өзгерулердің негізгі қызметтерін қамтиды.
а) Пермутация (лат. permutare - өзгерту) – сөйлем ішіндегі элементтердің орнын ауыстыру.
Мысалы: Ермек сабақта болды. → Сабақта Ермек болды. Егер де сөйлемнің мағынасы өзгерсе пермутация мүмкін емес. Мыс. Мысық тышқанды жеді. ≠ тышқан мысықты жеді.
ә) Субституция (лат. substitutio – алмастыратын, орнына жүретін) – бұл жағдайда жалпы мағынасын сақтай отырып, сөйлем элементін басқа сөзбен, конструкциямен немесе грамматикалық құралмен алмастыру.
Салыстырыңыз: Жұмысшылар үй салып жатыр. → Үй салынып жатыр.
б) Адъюнкция (лат. adjunctio – қосу) – сөйлем құрылымын қосымша элементтермен толықтыру. Мысалы: Ермек сабақта болды. Ермек сабақта болды ма?
Ағылш. You know this. Do you know this?
Бұл мысалдарда айту мақсатына қарай сөйлем өзгерді, бірақ пропозициялық (мағыналық) негіз өзгерген жоқ.
в) Элиминация – пропозициялық (мағыналық) негізді сақтай отыра сөйлемнен бір элементті алып тастау. Мысалы: Ол жақта ылғи да жылы. → Ол жақта жылы. → Онда жылы.
г) Номинализация – орталық (өзекті) конструкцияның етістігінен зат есім жасау.
Мыс.: Ит үріп жатыр → Иттің үрісі.
д) Адъективтену - зат есімдерді анықтау мақсатында етістіктен сын есім немесе есімше жасау. Мысалы: Кітап қызықты болды. → Қызық кітап. (салыстырыңыз: ағылш. This book is interesting → Тhe interesting book.
е) Кешенді трансформациялау – бір тарнсформды жасағанда бірнеше трансформ ережелерінің қатар қолданылуы.
Мысалы: ағылш. The father loves his son →The son is loved by his father. Бұл сөйлемде пермутация (сөз тәртібінің өзгеруі), грамматикалық субституция (loves орнына is loved) және адъюнкция (by элементі қосылып тұр) қолданылып тұр.