Салғастыру (контрастивті) әдісінің жетістіктері мен кемшіліктері
Соңғы жылдары ұлттық тіл білімінің дамуында туыс және туыс емес тілдерді салғастыра зерттеу қарқынды дамуда. Әсіресе, синхронды түрде құрылымы әр түрлі тілдердің грамматикалық, лексикалық фразеологиялық жүйесіне талдау жасап, олардың құрылыстарын зерттеуге көп көңіл бөлінуде.
Аталмыш әдіс арқылы кез-келген екі туыс немесе туыс емес тілдердің идиоэтникалық қасиеттеріне толық сипаттама беруге болады. Бұл туыс немесе туыс емес тілдерді салғастыруда, олардың қосымша мәселелерін шешуде өте маңызды. Бірақ көбінесе әр түрлі тілдердің ортақ, ұқсас қасиеттері мен құбылыстарын зерттеуге аса қатты назар аударылмағандықтан бұл әдістің маңыздылығы аздап төмендейді, өйткені тілді жүйелі түрде зерттеу екі тілдің ұқсастықтарымен қатар айырмашылықтарын да зерттеуді қажет етеді. Бұл кемшіліктің орнын тілдерге типологиялық талдау жасау толықтырмақ.
Тілді зерттеу тәсілдері
Ғылымның дамуында зерттеу тәсілінің қандай рөл атқаратыны белгілі. Тәсіл – зерттеу объектісінің теориялық тиянақтылығы. Қолданған тәсіліне қарай зерттеу жұмысы нағыз ғылыми және мақсатты сипат алады. Зерттеудің әдістері мен тәсілдерін таңдау – зерттеу жұмысының тақырыбына, зерттеушінің алдына қойған мақсат-міндеттеріне байланысты болады.
Тәсіл – зерттеушінің зерттеу материалын қарастырудағы нақты іс-әрекеті. Бұл соңғы мақсатқа жету үшін қолданған тәжірибелік тәсіл. Зерттеуші ғалым өзінің алдына қойған мақсатына жету үшін белгілі бір зерттеу әдісін, немесе әдістерін таңдап алады. Содан кейін қажетті материалды жинап алғаннан кейін оны сұрыптап, жүйеге келтірудің амал-тәсілдерін іздестіреді. Осындай зерттеудің амалдары мен жолдары зерттеудің тәсілі болып табылады. Тәсіл әдістен туындайды. Ол – зерттеушінің мақсатына жету үшін қолданған құралы. Тәсіл мен әдіс бір бірімен тығыз байланысты.
Сонымен, лингвистикалық әдіснаманың (ұстаным → әдіс → тәсіл) бөлімдері арасында белгілі бір байланыс бар: әдіс танымның жалпы ғылыми ұстанымдарынан келіп шығады және жұмыстың тәжірибелік тәсілдерінің жиынтығында фактілер негізінде қарастыруда іске асады.
Ғылымда зерттеудің төмендегідей тәілдері бар:
Бақылау тәсілі
Бақылау тәсілі – ғылымның кез келген саласында қолданылатын өте кең тараған тәсіл. Бақылай білмейінше қажетті деректерді, материалды дұрыс жинап, топтау мүмкін емес. Бақылау – қажетті материалды, деректі дұрыс танып, таңдай білудің жолы.
Есепке алу тәсілі
Есепке алу тәсілі бақылау тәсілімен қатар жүргізіледі. Мәселен, біз етістіктерді зерттемек болсақ, ең алдымен етістік дегеніміз не, оны қай ғалымдар зерттеді, оның сөз табы ретіндегі қызметі қандай, олардың басқа сөз таптарынан жасалу жолдары т.с.с. деректерді жинап, есепке аламыз, содан кейін барып талдап, саралап, қажетті қорытынды шығарамыз.
Салғастыру тәсілі
Салғастыру тәсілі бойынша жиналған материалдар бір-бірімен салғастырыла зерттеледі. Бұл тәсіл әсіресе тіл білімінде екі немесе одан да көп тілдерді салғастыра зерттегенде қолданылады. Соның нәтижесінде екі немесе одан да көп тілдердегі тілдік бірліктердің бір-бірінен ұқсастықтары мен айырмашылықтары, өзгешеліктері мен ерекшеліктері айқындалады. Осы арқылы жинақталған материал дұрыс сұрыпталып, сараланады.
Картотекалық тәсіл
Картотекалық тәсіл тіл біліміндегі лексикология, фразеология салаларын зерттегенде жиі қолданылатын тәсіл. Бұл тәсіл бойынша зерттеуге қажетті материалды (сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.с.с), авторын, дереккөзді және басылымның бетін көрсетіп жеке карточка жазып алу ұсынылады. Карточканың төменгі оң жағында бұл мысалдар зерттеу жұмысының қай тарауында немесе бөлімінде қолданылатыны көрсетіледі. Карточканың көмегімен жинақталған материал топталынады, сараланады, бір жүйеге келтіріледі және есептелінеді. Нәтижесінде қанша бірлік (сөз, сөз тіркесі, сөйлем т.с.с) қай топқа жататыны, қанша топ бар екендігі, олардың бір-бірінен айырмашылығы, ұқсастығы, саны т.с.с. зерттеуге қажетті деректер анықталады. Бұл тәсіл кез келген зерттеу жұмысында өте қолайлы және зерттеу жұмысын жеңілдетіп, бір жүйеге түсіруге көмектеседі.