Жалпы тіл білімі және жеке тіл білімі

Зерттеу мақсатына қарай тіл білімі жалпы және жеке болып екіге бөлінеді. Жалпы тіл білімі адам баласының тілі, тілдің даму заңдылықтары, тіл элементтерінің өзара қатынасы, тілді зерттеудің әдіс-тәсілдері т.с.с. мәселелерді зерттеумен айналысады.

Жалпы тіл білімі – жалпы тілдерге ортақ, универсалды мәселелерді зерттейтін тіл білімінің бір саласы. Жалпы тіл білімі тілдің мәні мен қызметін, оның пайда болу заңдылықтары мен даму заңдарын айқындайды, тілді зерттеудің әдіс-тәсілдерін белгілейді, дүние жүзі тілдерінің шығу тегі мен туыстық дәрежесіне қарай оларға классификация жасайды, тілдің ғылымдар жүйесінде алатын орнын анықтайды.

Жеке тіл білімі нақты бір тілдің (мысалы: қазақ, орыс, ағылшын) немесе туыстас тілдердің (мысалы: башқұрт, ноғай тілдері) жүйесі мен құрылысын, оның даму заңдарын зерттейді. Жеке тіл білімі мен жалпы тіл білімінің зерттеу нысандары әртүрлі болғанмен, олардың арасында өзара байланыс бар. Жалпы тіл білімі көптеген тілдердің зерттеу нәтижелерін есепке алып, оларды жинақтап, жалпы теориялық қорытындылар мен топшылаулар жасайды. Жалпы тіл білімінің теориялық қорытындылары мен топшылаулары жеке тілдерді зерттеуге бағыт-бағдар береді. Жеке тіл білімі жалпы тіл білімінің теориялық қағидаларына сүйеніп, ол қағидаларды зерттеу жұмыстарына негіз етіп алады.

Диахрониялық және синхрониялық тіл білімдері

Тіл білімі тілдің белгілі бір дәуірдегі қалпын, оның тарих бойында өзгеруі мен дамуын зерттейді. Тіл, тілдік құрылым уақыт өткен сайын дамып, жетіліп отырады. Сондықтан да, оны зерттегенде оған тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан қарау жеткіліксіз, сонымен қатар тілге оның шығу тегі, дамуы тұрғысынан да қарау қажет.

Тарихи тіл білімі – тіл тарихы туралы ғылым. Зерттеу нысанасы – бүкіл тіл жүйесіндегі тарихи өзгерістер. Тілді шығу тарихы мен тарихи даму тұрғысынан зерттейтін тіл білімі диахрониялық тіл білімі деп аталады. Тілдегі құбылыстардың шығу тегін, тарихи өзгеруі мен дамуын білу оның қазіргі күйін, қыр-сырын жете танып білуге мүмкіндік береді.

Тілді белгілі бір дәуірдегі қалпы тұрғысынан зерттеп, сипаттама беретін тіл білімі синхрониялық тіл білімі деп аталады. Синхрония бойынша бір мезгілде қатар өмір сүруші құбылыстардың арасындағы қатынастар қарастырылады.

Тілді зерттегенде ондағы құбылыстарды диахрониялық тұрғыдан да, синхрониялық тұрғыдан да қарастыру қажет және ол өте маңызды болып табылады.

2- тақырып. Тіл білімінің бөлімдері

 

Жоспар

1 Ішкі лингвистика

2 Сыртқы лингвистика

Ішкі лингвистика

Барлық заттар мен құбылыстарға тән субстанциялы және функционалды қасиеттер тілге де тән. Бұл қасиеттер тілді жүйелі құрылым ретінде қарастырып зерттеуге мүмкіндік береді. Енді осы қасиеттерге жеке-жеке тоқталайық.

Субстанциялы қасиет дегеніміз – заттар мен организмдердің және құбылыстардың оларға табиғатынан тән, туа біткен қасиеттері. (лат.substantia-«мән, маңыз»). Ол қасеиттер объектілердің ішкі жаратылысына тән, оның иманенттік қасиеті болып табылады және олар барлық басқа объектілерден сол ішкі қасиеттері арқылы ерекшеленеді. Мысалы, адамның субстанциялы қасиеттері оның туа пайда болған ішкі құрылысымен (дене бітімімен, миының құрылысымен, нерв жүйесімен, қан айналу жүйесімен және зат алмасу үрдісімен) айқындалады.

Функционалды қасиет(лат.functio-қатынас) объектінің сыртқы, жүре пайда болған және басқа объектілерге қатысты байқалатын қасиеттер. Ол қасиеттердің негізі объектінің ішкі құрылымында бұрыннан бар, даму үрдісі барысында көрініс тапқан қасиеттер.

Жоғарыда айтылған осы қасиеттерді негізге ала отырып, тіл туралы ғылымның екі негізгі бағытын анықтауға болады: тілдің субстанциялы қасиетін зерттейтін ішкі лингвистика және тілдің функционалды қасиетін зерттейтін сыртқы лингвистика. Енді тіл біліміндегі осы екі бағытты жан-жақты қарастырып көрелік.

Ішкі лингвистика тілді оның субстанциялық қасиеттері негізінде, жүйелі құрылым ретінде зерттейді.

Жүйе дегеніміз – өзара шарттас, өзара байланысты, біртектес элементтердің бірлігі. Ол рет-ретімен орналасып, ұйымдасқан біртұтас құбылыс.

Тілдің жүйелі сипаты оның барлық деңгейлерінен – фонетикалық, лексикалық және грамматикалық деңгейлерінен көрінеді. Мысалы, белгілі бір тілдің фонетикасында «дауысты дыбыстар жүйесі», «дауыссыз дыбыстар жүйесі» деп аталуы тектен тек емес. Мысалы, түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде дауысты дыбыстардың жуан және жіңішке, еріндік және езулік т.с.с. топтасуы тілде дыбыстық жағынан жүйе бар екенін көрсетеді. «Ы» мен «і» дыбыстары айтылуына қарай «ы» - жуан, «і» - жіңішке ретінде танылса, бұл екі дыбыс еріннің қатысы жағынан біртектес, езулік болып табылады.

Негізгі ұғымдар

Тіл деңгейі – тілдің кейбір «бөліктері», жалпы тілдік жүйенің шағын жүйешелері.

Тіл бірліктері - тіл жүйесінің әр түрлі мақсаты мен қызметі бар стандартталған элементтері.

Фонема – тілдің дыбыстық құрылымының негізгі бірлігі, сөйлеу тілінің ең кіші, одан әрі бөлінбейтін элементі. Фонема морфемалар құрамында, солар арқылы сөздерде мағына ажырату функциясын атқарады.

Фонетика – тіл ғылымында тілдің дыбыстық қырын зерттейтін бөлім.

Буын – фонациялық ауаның кілт үзілуінің, не кедергіге ұшырауының нәтижесінде пайда болатын жеке дыбыс, не дыбыстар тобы.

Екпін – сөз ішінде бір буынның күшті айтылуы.

Фонология – фонема жүйесін зерттейтін ғылым.

Грамматика – сөз түрлендіру формалары, сөз құрамы, сөз тіркесі мен сөйлем түрлері туралы ілімді қамтитын тіл білімінің саласы.

Граммема – ұйымдастыру, байланыстыру қызметін атқаратын тілдің ең жоғарғы бірлігі. Олар неше түрлі жалғаулықтар, шылаулар, көмекші сөздер, толып жатқан сөздердің сөйлемде тіркесу формалары.

Грамматика – сөздердің өзгеруін, түрленуін, олардың сөйлемде тіркесу формалары мен заңдылықтарын зерттейді.

Лексикология – тілдің сөздік құрамын зерттеумен айналысатын тіл білімі бөлімі.

Лексема – атаулы немесе номинативті қызмет атқаратын, орта деңгейдегі тілдің екі жақты бірлігі. Лексеманың айтылуы фонеманың біртұтастығын құрайды, ал мазмұны заттың мағынасымен сәйкес келеді және әлем шындығын бейнелейді.

Біз тілді тіл туралы ғылымның бөлімдерін есепке алатын жүйелі құрылым ретінде қарастырдық. Ал енді тілді құрылым ретінде қарастырайық.

Құрылым дегеніміз тіл бірліктері мен деңгейлері арасындағы қатынас. Бұл қатынастың 2 түрі бар: парадигматикалық және синтагматикалық.

Парадигматикалық қатынас (парадигматика) – тіл жүйесіне тән типологиялық қатынасқа жатады. Сөйлеу үрдісінен тыс семантикалық ортақ белгілері бар сөздер, адам жадында ассоциацияланып, топ құрады. Олардың өзара қатынасы мүмкіндігінше әр түрлі болады. Мұндай қатынастарды ассоциациялық қатынастар немесе парадигматикалық қатынастар деп атайды.

О.С.Ахманова парадигмаға төмендегідей анықтама береді: «Парадигма деп тілдік бірліктің тілдік жүйе элементі ретінде бір біріне сыбайлас, не қарсы келетін қасиеттерімен адам санасында жинақтаған, яғни тіл элементтерінің сол тілді пайдаланушы адамның санасында жинақталуын айтамыз». Яғни, парадигма тек сөздер аралығында ғана болмайды, тілдің барлық элементтері арасында болады [2].

Синтагматикалық қатынас (синтагматика) – сөз бірліктері арасындағы қатынасты айқындайтын ережелер мен заңдылықтар жиынтығы. Фонемалардың жиынтығын – фонотактика, лексема жиынтығын – фразеология, сөйлемдердегі сөздер жиынтығын – синтаксис зерттейді.

Әр деңгей бірліктері арасындағы байланыстың осы екі түрінен басқа үшінші иерархиялық байланыс бар. Сонымен, тілдің субстанциялық қасиеті жүйелілік және құрылымдық осы үш деңгейде байқалады. Осы үш деңгей бірігіп тіл жүйесін құрайды. Ол элементтердің төменнен жоғарыға қарай орналасуына байланысты. Мысалы, фонологиялық деңгей бірліктері қосылып орта деңгей бірлігіне айналады. Мысалы: с+т+о+л=жиһаз атауы; ш+ә+й+н+е+к=ыдыс аяқ атауы. Ал лексема басқа лексемамен қосылып, грамматикалық жағынан өңделіп, фраза, немесе сөз орамын құрайды. Мысалы, жазу столы, электр шәйнегі т.с.с. Ал фразалардан, сөздерден сөйлем құралады, ол сөзге айналады.

Сонымен, тілдің негізгі субстанциялы қасиеті жүйелілік пен құрылымдылық. Олар жүйелі үш түрлі байланыста көрінеді: парадигматикалық, синтагматикалық және иерархиялық. Осы үш байланыс тілді сөйлеу құралы ретінде сипаттайды.

Сыртқы лингвистика

Сыртқы лингвистика тілдің функционалды қасиеттерін зерттейді. Бұл қасиеттер «тіл және тілдік емес объектілер» жүйесінде қарастырылады. Аталмыш «объектілер» адаммен, оның биологиялық құрылымымен, өмір сүру формаларымен тығыз байланысты. Сыртқы лингвистика – ішкі лингвистика мен адамтану пәндерінің шекарасында пайда болған пән. Тілдің жүйелі құрылымы ретінде ғылымның адам туралы әр түрлі бөлімдеріне қатысына байланысты қазіргі тіл білімінде сыртқы лингвистиканың төмендегідей бөлімдері бар:

1) Биолингвистика (нейролингвисттика) – «тіл - адам биологиясы» қатынастарын, яғни тіл жүйесінің мидың қабатына әсерін зерттейді. Болмыстың тілдік бейнесі, оның ішінде сөзді айырып білу, нерв жүйесінің шеткі аймақтарынан – көру, есту және мидың орталық зонасына (Брок зонасы) шейін жүзеге асады, ал сөздің пайда болуы, кері бағытта, орталықтан шеткі аймақтарға өтеді. Биолингвистикада фонологиялық, лексикалық және грамматикалық нормалардан ауытқуына байланысты, тілдің парадигматика және синтагматика ережелерін сақтамаудан пайда болатын сөздің (тілдің) кемшілігін (афазия) зерттеуден өте құнды мәліметтер алынады. Бұл ауытқулар мидың қандай да бір жарақаттан, немесе миға қан құйылудан пайда болады. Биолингвистикалық мәліметтер билингвизмді зерттеуде өте маңызды: афазиядан кейін ана тілінде сөйлеу қасиеті жоғалады, бірақ та шет тілінде сақталып қалады, немесе, екі тілдің элементтері мен ережелері сақталған екі тілде аралас сөйлеу пайда болады;

2) Танымдық лингвистика (лат. cognescere ”танып білу, білу”) ”тіл - ойлау” қатынастарын, яғни адамның танымдық қызметінің нәтижесі мен үрдістері тіл мен сөйлеуде қалай көрінеді, ойлау категориялары тілдің идиоэтникалық категорияларымен қалай сәйкес келеді деген сұрақтарға жауап іздейді: ұғымның түрлері, концептер (сұлба (схема), сурет, фрейм және сценарий түрінде) және жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы; пікір, пайымдау және ұсыныстар. Танымдық лингвистика туралы айтқанда негізгі екі түрлі үрдіс есте болуы керек. Олар: біріншіден, белгілі этностың ”әлемнің тілдік бейнесі” мен оның ерекшеліктері, екіншіден, қарым-қатынас кезіндегі менталдық үрдістер;

3) Психолингвистика – психология мен лингвистиканың аралығындағы ғылым саласы; ”адам - тіл” қатынастарын (адамның зейінін, жігерін, ниетін т.б.) зерттейді, яғни сөйлеу үрдістерін зерттейтін ғылым. Ол сөйлеу үрдісін, оның мазмұны, коммуникативті рөлі, сөздің ойға қатысы тұрғысынан зерттейді. Осы бағыттың негізін салушы неміс ғалымы Г. Штейнталь (1823-1899) тілді жеке адаммен қатар, этнос психологиясының көрінісі ретінде қарастырды. Оның пікірінше, тіл білімі адамның жеке психологиясын ғана емес, халық психологиясына да сүйенуі қажет.

Психолингвистика психологиялық эксперимент арқылы сөйлеу қызметінің үлгісін жасап тексереді. Бірқатар практикалық мәселелердің теориялық мәнін түсіндіру үшін таза лингвистикалық тәсілдер жеткіліксіз. Ол үшін психолингвистиканың тәсілдерін қолдану қажет. Психолингвистика мынадай мәселелерді шешеді: шет тілдерін үйрену, логопедия мәселелері, ми қызметіне байланысты сөйлеудің бұзылуы, бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөйлеудің рөлі, авиция мен космостық психология, криминалистика мен машина аудармасы мәселелері және т.б. Психолингвистика термині 1954ж. бастап қолданылып келеді (АҚШ);

4) Этнолингвистика (грек. ethnos – ұлт) немесе лингвомәде- ниеттану ”тіл-мәдениет” қатынастары жөніндегі ілім. Мәдениет дегенде біз белгілі бір ұлттың материалдық және рухани өміріндегі ерекшеліктерді түсінеміз. Мұндағы назар аударатын нәрсе – ұлттық спецификалық лексика мен ұлттың материалдық (тамақ, киім,үй, шаруашылықты жүргізу) және рухани (дін, мәдениет, салт-дәстүр) қажеттілігін бейнелейтін фразеология. Сонымен этнолингвистиканы «халықтардың тұрмыстық және мәдени ерекшеліктерін, олардың қалыптасуы, орналасуы және тарихи-мәдени арақатынасын зерттейтін этнографиямен лингвистика арасындағы кешенді ғылым» деп анықтауымызға болады;

5) Әлеуметтік лингвистика (лат. soci (etos) қоғам, фр. lingua - язык) – ”тіл-қоғам” қатынастары жөніндегі ілім. Әлеуметтік лингвистика тіл білімі, әлеуметтану, әлеуметтік психология, этнография ғылымдарының аралығында туып дамыған тіл білімінің саласы. Онын негізгі объектісі – тілдің функционалды қызметін зерттеу. Қоғам құрамы жағынан біртекті емес, ол әр жастағы, әр түрлі мамандық иелерінен, әр түрлі саяси топтағы адамдардан тұрады. Олар өз тобының ішінде қарым қатынасқа түсу үшін өздеріне тән тілді қолданады (әдеби тіл, ауыз екі сөйлеу тілі, жергілікті диалектілер, жаргон, арго, кәсіби тіл т.с.с.). Әрбір нақты қоғамда оның әлеуметтік-экономикалық құрылымына байланысты тілдер бірнеше қызмет атқаруы мүмкін: ең аз мөлшерде (жанұядағы тіл) және ең көп мөлшерде (халықаралық қатынас тілі). Әлеуметтік лингвистиканың ең басты мақсаты – әлем тілдерінің функционалдық типологиясын беру (олардың қызметінің саны бойынша). Сонымен қатар әлеуметтік лингвистика мемлекеттің тіл саясаты мен тілдік жағдайын, қоғамдағы екі тілділік пен көптілділікті, аз ұлттар тіліне көзқарас, мемлекеттік тіл мен ресми тіл мәселелерін зерттейді;

6) Ареалды лингвистика (лат. area – аудан, кеңістік) – лингвистикалық география тәсілдері көмегімен тіл құбылыстарының кеңістікте тарауын және тіларалық (диалектаралық) қарым-қатынастарды зерттейтін тіл білімінің бөлімі. «Тіл-территория» қатынастарын зерттейді. Ареалды лингвистиканың негізгі мақсаты – тіл ерекшеліктерінің жергілікті тарауы мен изоглосстардың түсіндірілуі (географиялық картадағы белгілі бір тілдің таралу аймағын көрсететін сызықтар). Соның нәтижесінде тілдер мен диалектілердің өзара байланыс аймақтары (ареалдар) айқындалады. Ареалды лингвистика термині 1925 ж. пайда болды. Оны лингвистикаға енгізген М.Бартоли. Ареалды лингвистика лингвистикалық география, диалектология пәндерімен тығыз байланысты. Ареалды лингвистиканың негізгі ұғымы – тілдік немесе диалектілік ареал, яғни бөлек тіл құбылыстарының өріс алу шекаралары мен олардың жиынтығы (мыс.: түркі, славян, үндіеуропалық ареал);

7) Паралингвистика (грек. para – қасындағы, маңындағы және лингвистика) хабарланатын ойдың, пікірдің вербалды (сөзбен білдіру) тәсілдерімен қоса сөйлеу үстінде қолданылатын вербалды емес (тілден тысқары) амалдармен берілуін зерттейтін тіл білімінің саласы. Сонымен, паралингвистика – ”тіл – тілдік қатынастың вербалды емес белгілерін” зерттейді. Паралингвистикалық тәсілдердің үш түрі бар.

Олар 1) кинетикалық, яғни, қимыл, поза, бет қимылы; 2) фонациялық, яғни дыбыстық (тембр, темп, дауыстау, кідіріс, әуен, диалектілік айтылу ерекшеліктері); 3) графикалық (әріптерді жазу – почерк, символдар және т.б.). Сөйлемдегі сөзге қатысты паралингвистика құралдары үш түрлі қызмет атқарады: қосымша хабар жеткізеді, сөз орнына қолданылады, сөзбен бірге қолданылады. Паралингвистика термині 1940ж. бастап қолданылады (А. Хилл енгізген).

Жоғарыда тоқталып кеткен сыртқы лингвистиканың бөлімдері бір қарағанда бір бірімен байланыссыз, жүйесіз көрінеді. Шындығында олай емес. Сыртқы лингвистиканың барлық салаларын бір бірімен байланыст екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа тілдің адаммен байланысын көрсететін бөлімдерін: биолингвистика, танымдық лингвистика және психолингвистиканы жатқызуға болады. Олардың бәрі тілдің қолданысын адамның ойлау категориясымен және психикасымен байланыстырады. Бұл топты танымдық лингвистика немесе танымдық тіл білімі деп атауға болады. Ал екінші топты экономикалық, саяси және мәдениетаралық қызығушылықтары ортақтығы негізінде байланысқан сыртқы лингвистиканың бөлімдері құрайды. Олар әлеуметтік лингвистика, этнолингвистика, паралингвистика және ареалды лингвистика. Бұл бөлімдерді жалпы атпен экстралингвистика деп атауға болады.