Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы

МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРДІҢ ҚОРЫТЫНДЫ АТТЕСТАТТАУЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ДАЙЫНДАУ БОЙЫНША

ӘДІСТЕМЕЛІК ҰСЫНЫМДАМА

Әдістемелік ұсынымдама

 

Астана

2016

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ғылыми кеңесімен баспаға ұсынылды (2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 11 хаттамасы)

 

Мектеп бітірушілердің қорытынды аттестаттауын ұйымдастыру және дайындау бойынша әдістемелік ұсынымдама.– Астана: Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, 2016. – 46 б.

 

 

Бұл құралда орта білім беру ұйымдарындағы қорытынды аттестаттау мен жоғары оқу орындарына түсуді бөлу жағдайындағы жалпы білім беретін мектептердің бітірушілерін қорытынды аттестаттау бойынша әдістемелік ұсынымдамалар берілген.

Әдістемелік ұсынымдама облыстық (аудандық) әдістемелік кабинеттердің басшылары мен әдіскерлеріне, білім беру жүйесі ұйымдарының басшыларына, мұғалімдерге, білім алушылар мен ата-аналарға арналған.

 

© Ы. Алтынсарин атындағы

Ұлттық білім академиясы, 2016.

Кіріспе

Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне кіріктіру шеңберінде отандық білімнің бәсекеге қабілеттігін дамытуда «өмір бойы білім алу» тұжырымдамасынан «өмір бойына оқу» қажеттілігін түсінуге көшуге бағдарланған мектептік білім беруді түбегейлі жаңартуды қажет етеді.

Білім мазмұнын жаңарту – бұл оқыту әдістерін, бағдарламаның мазмұны мен құрылымын қайта қарау. Енгізудің нәтижесі тұлғаның дамуы үшін қолайлы білім беру ортасын құру болып табылады.

Білім мазмұнын жаңарту еліміздегі білім сапасын арттыруға ғана мүмкіндік бермейді, сонымен қатар Қазақстанның неғұрлым бәсекеге қабілетті әлемдегі 30 елдің қатарына қосылуын қамтамасыз етеді, білім мазмұнын жаңарту процесінің ұлттық аспектісін осыдан көруге болады.

Жаңа стандарт құзыреттілік тәсілге негізделген: дәстүрлі мектепте болған міндетті меңгеруді талап ететін материалдың белгілі мөлшеріне емес, күтілетін нәтижеге құрылған.

Ең бастысы, бұл білім алушының қабылдауын өзгертеді, қазіргі заманауи мектептерде, өкінішке орай, басым болып тұрған авторитарлық оқытудан ынтымақтастыққа көшуді талап етеді. Оқыту мақсаты білім алушыға да, мұғалімге де ортақ болуы тиіс.

Білім мазмұнын жаңарту аясында қорытынды аттестаттау форматы да өзгереді. Мемлекеттік бітіру емтиханы – орта білім курсын бітіргені туралы куәландыратын мемлекеттік үлгідегі құжатты алу шарты болып табылатын орта білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды қорытынды аттестаттаудың бір түрі. Емтихан мектептерде өткізіледі.

Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орындарына оқуға түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір түрі. Тестілеу жоғары оқу орындарының базасында өткізіледі.

Емтихан материалдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 18 мамырдағы №393 бұйрығымен бекітілген қоғамдық- гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттағы 10-11 сыныптардың қолданыстағы оқу бағдарламаларына негізделеді. Бітіру емтиханы мен ҰБТ тест тапсырмаларының базасын қалыптастыру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы бұйрықтарымен (2016 жылғы 8 қаңтардағы № 13 бұйрығы, 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 251 бұйрығы) бекітілген оқулықтары материалдары бойынша іске асырылатын болады.

 

 

1. Мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру

 

Қазақстан Республикасында білім беру және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында анықталғандай, қолданыстағы ҰБТ форматын жетілдіру мақсатында ҰБТ рәсімін мектептегі қорытынды аттестаттау және жоғары оқу орындарына түсу емтиханына бөлу, сонымен қатар, әрі қарай оқу қабілетін, логикалық ойлау деңгейін, ағылшын тілін меңгеруін, базалық біліктілігін (функционалдық сауаттылық) анықтауға бағытталған тестілеудің қолдану шеңберін кеңейту қарастырылады.

Сол себепті, 2016-2017 оқу жылынан мектепті бітірушілер үшін жоғары оқу орындарына түсу емтиханы болып табылатын Ұлттық бірыңғай тестілеудің (бұдан әрі – ҰБТ) жаңа форматы енгізілді.

Қорытынды аттестаттау – жалпы орта білім беру ұйымдарында өткізілетін 11 (12) - сынып білім алушыларына арналған мемлекеттік бітіру емтиханы.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңы бойынша білім алушыларды қорытынды аттестаттау - білім алушылардың тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында қарастырылған оқу пәндерінің көлемін меңгеру дәрежесін анықтау мақсатында жүргізілетін рәсім деп көрсетілген.

Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды жүргізудің Типтік ережесіне сәйкес (16.11.2016 ж.) (бұдан әрі - Типтік ереже) жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген 11(12) - сыныптың білім алушылары қорытынды аттестаттау барысында бес емтихан, оның ішінде біреуін таңдау бойынша тапсырады.

11 (12) сынып білім алушыларын қорытынды аттестаттау мынадай нысандарда өткізіледі:

1) ана тілі және әдебиетінен (оқыту тілі) эссе нысанында жазбаша емтихан:

2) алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан;

3) Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан;

4) орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу;

5) таңдау бойынша пәннен (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика) тестілеу.

Музыкалық және көркем мектептер, сонымен қатар өнер мектептерінде шығармашылық сипаттағы қосымша емтихан өткізілуі мүмкін.

Емтихандарды өткізу формалары:

Ана тілі мен әдебиеті (оқыту тілі) бойынша жазбаша емтихан эссе түрінде өткізіледі, оған 3 астрономиялық сағат бөлінеді.

Мектеп бітірушілерге таңдау үшін 10 тақырып беріледі; эссе тақырыптары берілген конверттер емтихан басталғанға дейін 15 минут бұрын ашылады; эссе көлемі – 250-300 сөз. Эссе тақырыптарын ҚР Білім және ғылым министрлігі анықтайды. Эссе тақырыптары 10 наурызға дейінгі мерзімде ашық баспасөзде жарияланады.

Эссе – ол тақырыпты түпкілікті және толық қамтуға есептелмеген нақты мәселе бойынша жеке көзқарасты білдіретін шағын көлемдегі, еркін композициялық прозалық шығарма. Эсседе ауқымды мәселелердің талдауы болмайды. Ол бір мәселе бойынша жаңа, субъективтік көзқарас болып табылады, ондай шығарма философиялық, тарихи-биографиялық, публицистикалық, әдеби-сыни, ғылыми-көпшілік немесе беллетристикалық сипатта болуы мүмкін. Эссенің мақсаты – өзіндік шығармашылық ойлау және сол ойды жазбаша бере білу дағдыларын дамыту. Эссе мазмұнында ең алдымен ойды нақты және сауатты тұжырымдау, ақпаратты жүйелеу, негізгі түсініктерді қолдану, себеп-салдар байланысын және тәжірибені нақты мысалдармен көрсете білу, ойларын қорытындылай білу бағаланады.

Эссе құрылымы оған қойылатын мынадай талаптармен анықталады:

- эссе авторының ойлары проблема бойынша қысқа тезистер ретінде беріледі;

- ойлар дәлелді болуы тиіс, сондықтан тезистерден кейін дәйектер жазылады.

Дәйектер – қоғамдық өмірден, алынған фактілер, оқиғалар, өмірлік жағдайлар мен өмірлік тәжірибелер, ғылыми дәлелдер, ғалымдардың пікірлеріне жүгіну және т.б. Әрбір тезиске екі дәйек келтіріледі, себебі бір дәйек келтіру көп жағдайларда жеткіліксіз, үш дәйек ықшамдыққа және көркемдікке бағытталған жанрда жазылған шығарманы «ауырлатуы» мүмкін.

Сонымен, эссенің құрылымы (тезистер мен дәйектердің саны тақырыпқа, құрылған жоспарға, ойды дамыту логикасына байланысты болады):

- кіріспе;

- тезис, дәйектер;

- тезис, дәйектер;

- қорытынды.

Кіріспе және қорытынды бөлімдерде қарастырылып отырған проблемаға назар аударуы қажет (кіріспеде мәселе қойылады, қорытындыда автордың ойы нақтыланады). Эссе тіліне эмоционалдық, экспрессивтік, көркемдік тән екенін оқушылардың түсінулеруі аса маңызды. Сонымен қатар, эсседе сленгті, шаблонды фразаларды, сөздерді қысқартудан аулақ болу қажет. Эссені жазуда қолданылатын тіл жеңіл қабылданатындай болуы тиіс.

Эссені жазудың формальді ережесіне сәйкес атауының болуымен ерекшеленеді. Эссенің ішкі құрылымы еркін болуы мүмкін. Бұл жазба жұмысының шағын түрі болғандықтан, соңында қорытындылауды міндетті түрде қайталау талап етілмейді, олар негізгі мәтіннің немесе атауының ішіне енгізілуі мүмкін. Дәйектеме мәселені тұжырымдаудың алдында болуы мүмкін. Мәселені тұжырымдау соңғы қорытындымен сәйкес келуі мүмкін.

Эссе жазу барысында мынадай типтік қателіктер жиі кездеседі:

- ұзақ кіріспе;

- детальдар санының жетіспеушілігі;

- мысалдары суреттелмей берілген пайымдаулар;

- көпсөзділік, себебі, эссе көлемі нақты мөлшермен шектелген;

- автордың шынайы ойын көрсете алмайын ұзын сөйлемдердің болуы, қайта керісінше қысқа сөйлемдер үлкен әсер қалдырады. Эсседе ұзын сөйлемдер мен қысқа сөйлемдер ауысып отырса, ол өте тиімді болады;

- ғылыми терминдерді қолдану, энциклопедиялық сөздерді келтіру эссені түсінуді ауырлатады және оқушының назарын басқа жаққа аударады, эссенің мәні төмендейді.

«Алгебра мен анализ бастамалары» пәні бойынша жазбаша емтихан бес тапсырмадан тұрады.

Тапсырмалар теориялық материалды және есеп шығару әдістерін меңгеру деңгейін, есептерді шығара білу мүмкіндігін, функционалдық сауаттылығын анықтауға бағытталады. Емтиханға 5 астрономиялық сағат бөлінеді.

11(12) сыныптардағы эссе екі бағамен бағаланады, алгебра мен анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан бір бағамен бағаланады.

Қазақстан тарихынан ауызша емтихан билеттер бойынша жүргізіледі. Құрастырылатын билеттердің саны – 30; әр билетте 3 сұрақ болады, оның екі сұрағы– ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы курсының негізгі бөлімдері мен тақырыптарының теориялық материалдары бойынша, үшінші сұрақ – практикалық түрде беріледі (тарихи карталар, терминология бойынша жұмыс, тарихи тұлғаны сипаттау).

Ауызша емтиханда білім алушы дайындалу үшін кем дегенде 20 минут уақыт беріледі. Егер білім алушы билет бойынша жауап бермесе, комиссия оған екінші билет алуға мүмкіндік береді (бұл жағдайда жауап бір баллға кемиді).

Оқыту қазақ тілді емес мектептерде қазақ тілі бойынша тестілеуге немесе оқыту орыс тілді емес мектептерде орыс тілі бойынша тестілеуге 80 минут уақыт беріледі. Тест үш блокқа бөлінген 40 сұрақтан тұрады:

- лексико-грамматикалық блок – бір дұрыс жауабы берілген 20 тест тапсырмадан тұрады;

- «Тыңдалым» блогі – 200-250 сөзден тұратын 2 мәтін, бірнеше дұрыс жауабы бар 10 тест тапсырмасынан тұрады;

- «Оқылым» блогі – 200-250 сөздерден тұратын 2 мәтін, 10 тест тапсырмасынан тұрады.

Мектеп бітіруші ең жоғары 60 балды алуы мүмкін: Бір дұрыс жауабы бар 20 тест тапсырмасы үшін 20 балл, екі және одан да көп жауаптары бар 20 тапсырма ең көп дегенде 40 балмен бағаланады..

Таңдау пәні бойынша тестілеу. Бітірушінің таңдауына келесідей пәндер ұсынылады: Физика, Химия, Биология, География, Геометрия, Дүниежүзі тарихы, Әдебиет, Шет тілі (ағылшын, француз, неміс), Информатика.

Таңдау пәндері бойынша тестілеу («Шет тілі» және «Информатика» пәндерінен басқа) 40 тест тапсырмасынан тұрады, олар ең көп дегенде 60 балмен бағаланады, оның ішінде 20 тест тапсырмасы бір дұрыс жауаппен берілген (бұл 20 балды құрайды) және жоғары 40 балмен бағаланатын 20 тапсырма екі және одан көп дұрыс жауаптарымен беріледі. Таңдау пәндері бойынша тестілеуге 80 минут уақыт бөлінеді.

Шет тілі үш блоктан тұрады: лексико-грамматикалық (20 сұрақ бір дұрыс жауабы бар), «Тыңдалым» блогі (әрқайсысы 200-250 сөзден тұратын бір мәтін негізіндегі 10 сұрақ), «Оқылым» блогі (1 мәтін, 200-250 сөз, мәтін бойынша 10 тест тапсырмасы). Шет тілі бойынша тестілеуге 80 минут уақыт беріледі.

«Информатика» пәні бойынша емтихан тестілеуден және практикалық тапсырмалардан тұрады. Бұл пән мынадай принциппен тапсырылатын болады:

1) бір дұрыс жауабы бар 20 тест тапсырмасы;

2) 7 практикалық тапсырма.

Информатика бойынша тапсырмаларды орындауға 80 минут уақыт бөлінеді.

Тестілеу оқу пәндері шеңберінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес «Ұлттық тестілеу орталығы» Республикалық мемлекеттік қазыналық мекемесі әзірленген (бұдан әрі – ҰТО) тест тапсырмалары бойынша жүргізіледі. ҰТО тапсырмалар базасын жасайды, білім беру органдарына тестілеу материалдарын жеткізеді.

Білім алушы емтиханға қойылған бағамен келіспеген жағдайда, емтихан бағасы жарияланғаннан кейінгі келесі күні 13 сағат 00 минутқа дейін аудандық, қалалық білім бөлімдерінің, білім басқармаларының жанынан құрылған Комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) шағымданады.

Типтік ережеде көрсетілгендей мынадай жағдайларда білім алушылар қорытынды аттестаттаудан босатылады: денсаулық жағдайына байланысты; І-II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар; жазғы оқу-жаттығу жиындарына қатысушылар, халықаралық олимпиадаларға (жарысқа) қатысу үшін Қазақстан Республикасының құрама командасына үміткерлер.

11 (12) - сыныптардың бітірушілерін мерзімінен бұрын қорытынды аттестаттауға білім алушылар шетелге оқуға түсу үшін кеткенде немесе тұрғылықты орнын шетелге ауыстырған жағдайда жіберіледі және ол оқу жылының аяқталуына дейін 2 ай бұрын қорытынды емтихандар немесе мемлекеттік бітіру емтихандары нысанында өткізіледі.

Білім алушылардың халықаралық алмасу желісі бойынша шетелге оқуға баратын және сол жақта білім беру мекемелерін аяқтайтын 11 (12) сыныпты бітірушілер Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында 11 (12) сынып үшін қорытынды аттестаттаудан өтуі қажет. Шетелде оқыған пәндерден алған бағаларын, білім беру ұйымдарында алдыңғы сыныптарда алған жылдық және қорытынды бағаларын есепке ала отырып, қорытынды аттесттаудан өткеннен кейін оларға жалпы орта білім туралы аттестат беріледі.

Білім алушылардың халықаралық алмасу бағдарламасының толық оқу курсын оқыған кезеңде білім алушылардың халықаралық алмасу желісімен кеткенге дейін оқыған жалпы білім беретін мектебіндегі контингенттің есебінде болады.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы түзеу мекемелерінде және жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптардың білім алушылары үшін қорытынды аттестаттау өткізу қажеттілігі туралы мәселені білім алушылардың медициналық диагнозына сәйкес аудандық, қалалық білім бөлімдері немесе білім басқармасы шешеді.

Арнайы түзеу мекемелері үшін қорытынды аттестаттаудың емтихандық материалдары білім басқармаларымен әзірленеді.

Қорытынды аттестаттаудан ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға мектептің ұсынымдамасына сәйкес, білім алушыларды қорытынды атесттатау жөніндегі Комиссияның шешіміне сәйкес емтихан тапсыру үшін қосымша уақыт ұсынылады.

«Алтын белгі» алуға талапкерлер өз мектептерінде қорытынды аттестаттау емтихандарын тапсырады. Жақсы мінез-құлық танытқан және 5-11 (12) сыныптар аралығында барлық пәндерден жылдық және қорытынды бағалары "5" болған және жалпы орта білімі бойынша қорытынды аттестаттаудан "5" деген бағаға өткен 11 (12) сынып бітірушілеріне № 39 бұйрықпен бекітілген нысанға сәйкес жалпы орта білім туралы "Алтын белгі" аттестаты және "Алтын белгі" белгісі беріледі.

2017 жылғы 30 наурызға дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «2016-2017 оқу жылын аяқтау туралы» бұйрығына сәйкес қорытынды аттестаттау мерзімі белгіленетін болады.

Қорытынды аттестаттаудың барлық материалдары Ұлттық тестілеу орталығында жасалады және білім басқармаларына, одан әрі білім басқармаларымен мектептерге жеткізетін болады.

Жазбаша және ауызша емтихандарды бағалау, сонымен қатар тестілеудің жауап парақтарын мектептерде пән бойынша Комиссия тексеретін болады. Ол үшін оларға дұрыс жауаптардың коды беріледі. Қорытынды аттестаттаудың материалдары (жауап парақтары, сұрақ кітапшалары және т.б.) мектептерде үш оқу жылы бойы сақталатын болады.

 

2. Мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау мазмұнына қойылатын талаптар, бағалау өлшемдері

«Ана тілі мен әдебиеті» (оқыту тілі), «Алгебра және анализ бастамалары» және «Қазақстан тарихы» пәндері бойынша мемлекеттік бітіру емтихандарына емтихан материалдарын ҰТО әзірлейді.

Ана тілі мен әдебиетінен (оқыту тілі) мемлекеттік емтихан белгілі құрылымға сәйкес топтастырылған әр түрлі мәселелерді құрайтын он тақырыптан тұратын эссе түрінде беріледі: бесеуі – әдеби тақырып, бесеуі – еркін тақырып болып табылады.

Эссенің әдеби тақырыбы таңдалған жағдайда авторлық ұстанымға сүйенуге және өзіндік көзқарасты тұжырымдау ұсынылады. Тезистерін әдеби туындыларға сүйене отырып, дәйектеу қажет.

Эссенің еркін тақырыбын таңдаған жағдайда өз ұстанымын көркем туындылардың мазмұнына да, сондай-ақ өз өмірлік тәжірибеге де (жеке әсерлерге, жеке ойларға, білімдерге және т.б.) сүйенумен дәйектеуге болады.

Сондай-ақ, білім алушылар үшін қысқаша нұсқаулар қоса тіркеледі.