3 Кәсіпорынның сыртқы және ішкі ортасы

 

Кәсіпорын қызметінің нәтижелігі оның сыртқы ортасынан көрінеді. Сондықтан сыртқы ортаны шеберлікпен реттеп отырудың және оның кәсіпорынның ішкі құрылымымен үйлесімді байланысын қамтамасыз етудің маңызы зор.

Кәсіпорынның сыртқы ортасы төмендегі негізгі факторлармен сипатталады:

· факторлардың өзара байланысы;

· күрделілік;

· қозғалмалылық;

· белгісіздік.

Сыртқы орта факторларының өзара байланысы сыртқы ортаның бір факторларының өзгеруі басқа факторларға қаншалықты, қандай деңгейде ықпал ететін анықтау арқылы көрінеді.

Сыртқы ортаның күрделілігі факторлардың санына байланысты. Осыған орай әр кәсіпорын өзінің түпкі мақсатының орындалуына оң ықпал ететін факторларды есепке алып, оның деңгейін анықтап отыруға мүдделі.

Қозғалмалық – бұл кәсіпорын қызмет жасап тұрған ортада болып жатқан құбылыстардың қозғалысы. Ұйым айналасында болып жатқан өзгерістер неғұрлым жедел қозғалыста болса, өндірістік жүйедегі өзгерістер де соғұрлым тез дамып отырады.

Сыртқы ортаның белгісіздігі кәсіпорынның сыртқы орта факторларын есепке алуына, олардың әрқайсысының қаншалықты және қандай деңгейде ықпал ететін анықтап отыруына, ақпараттардың саны мен сапасына байланысты. Сыртқы ортаға қатысты беймәлім жәйлар неғұрлым көп болса, тиімді шешімдер қабылдау да соғұрлым қиындай түседі.

Сыртқы орта факторлары:

· тікелей;

· жанама әсер ететін болып бөлінеді.

Тікелей әсер ететін факторлар:

· мемлекет;

· жеткізуші;

· тұтынушы;

· бәсеке болып бөлінеді.

 

Мемлекет – кәсіпорын үшін реттеуші, қорғаушы және басшылық етуші ролін атқарады.

Сонымен қатар, ол:

· салық жеңілдіктерін белгілейді;

· субсидия (жәрдем), несиелер береді;

· нарыққа көшуді көздейтін экономикалық заңдарға бақылау жасайды;

· процент мөлшерін белгіледі;

· басқа да көптеген реттеу жұмыстарын жүзеге асырады.

Жеткізуші – кәсіпорынның өндірістік қызметтеріне қажетті материалдық-техникалық ресурстармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуші. Жеткізуші материалдық қорлардың бағасына, тауарлар мен шикізаттардың сапасына, сонымен қатар халыққа әр түрлі қызмет көрсетуге, қатысты келісім-шарттарға сүйене отырып ұтымды байланыстарды ұйымдастыруға міндетті.

Жанама әсер ететін факторлар:

· елдегі экономикалық хал-ахуал;

· техникалық немесе технологиялық;

· әлеуметтік (мәдени);

· саяси.

Экономикалық хал-ахуал:

· экономикалық өсудің қарқыны;

· төлем балансы;

· жұмыспен қамту деңгейі болып бөлінеді.

Экономикалық өсу – үкіметтің инфляцияны таяу жылдарда ауыздықтау, ал келешекте мүлдем тоқтау және төлем балансын қалыпқа келтіру жолындағы негізгі мақсаты. Экономиканы серпінді дамыту жан басына шаққанда ұлттық өнім үлесінің өсуіне, халықтың, оның барлық әлеуметтік топтарының ауқатты өмір сүруіне негіз болады. Экономикалық хал-ахуал кәсіпорынның мүддесіне қосымша капитал тартуына тікелей ықпал етеді.

Үкімет:

· салықтары, ақша массаларын, несиенің процент мөлшерін реттейді;

· экономикалық жағдайдың тұрақты қалыптасуын қамтамасыз етеді.

Төлем балансы – елдің белгілі бір уақыт ішінде сыртқы экономикалық операциялар балансын көрсететін маңызды статистикалық құжат.

Жұмыспен қамту деңгейі. Мұндағы басты мәселе жұмыссыздық. Ол жұмыс істегісі келетін, еңбекке жарамды адамдардың өндірісте және басқа да қызмет орындарында жұмыспен қамтылмауы. Жұмыссыздық – нарықтық экономика жағдайында жұмыс күшіне деген сұраным мен ұсынымның арақатынасының көрсеткіші. Жұмыссыз қоғам мүшелерінің санын барған сайын азайтып, жұмыссыздық деңгейінің оңтайлы межеден аспауын қамтамасыз ету жолында іске асырылатын макроэкономикалық шаралар кәсіпорындар қызметінің оңалуына тікелей әсер етеді. Мәселен:

· салыққа қатысты жеңілдіктер беру;

· шектеу аясын тарылту.

Техникалық факторлар – кәсіпорынның атқарымдылығы, өзгерту, жетілдіру, қосымша мүмкіндіктер мен шектеу тенденцияларын қамтиды. Жоғары деңгейдегі технологиялармен жұмыс істейтін кәсіпорындар техниканың жаңа түрлерін әзірлеп, олармен өндірісті жабдықтаудың тиімді жолдарын басқаларға ұсынады. Өндірісті жаңа техникамен жабдықтаудың өнім өндіруде, оны дайындау мен тиімді сатуда, ақпарат жинауда, кәсіпорыннан тұтынушылардың қандай жаңа өнімдер мен қызмет түрлерін күтетіндігін анықтауды алатын орны ерекше.

Әлеуметтік факторлар. Кәсіпорын белгілі бір мәдени ортада қызмет атқарады, оның қызметкерлерінің табыстылығына ел тұрғындарының:

· мәдениеті;

· тарихи ерекшеліктері;

· менталитеті мен әдет-ғұрыптары әсер етеді.

Саяси факторлар қоғамның саяси жағдайын және оның тұрақтылық деңгейін анықтайды. Бұл – мемлекеттің, заң органдарының және соттардың кәсіпорынмен қарым-қатынас барысында ұстанатын көзқарасы.

Осы көзқарас:

· табысқа салық салу;

· салық жеңілдіктерін белгілеу;

· тұтынушыларды қорғау жөніндегі заңдарды әзірлеу;

· айналадағы ортаны қорғау;

· бағаға бақылау жасау;

· жалақыны реттеу мәселелерінде үкіметке ықпал етеді.