Кәсіпорын шаруашылық объектісі ретінде

Дәріс сұрақтары:

1. Кәсіпорын мәні, оның басты мақсаты мен қызметтері

2. Кәсіпорынның түрлері.

3. Кәсіпорынның өндірістік құрылымы және оған әсер ететін факторлар

4. Өндіріс типтері

 

1. Кәсіпорын мәні, оның басты мақсаты мен қызметтері

Экономика деп қолда бар шектеулі ресурстарды барынша тиімді пайдалануды айтады. Кез келген елдің экономикасы ұлттық шекара шеңберінде өзара байланысты салаларды біріктіретін кешенді білдіреді. Қандай да бір экономиканың негізін өндіріс құрайды. Өндірісте экономикалық өнім өндіріледі. Атап айтқанда, кәсіпорында өнім өндіріледі, жұмыстар жасалады, қызмет көрсетіледі, яғни тұтынудың негізі жасалып, ұлттық байлық көбейтіледі.

Экономиканың барлық кезеңдерiндегi негiзгi буын кәсiпорын болып табылады. Осы кәсiпорында өнiм өндiрiледi, жұмыскер өндiрiс-құрал-жабдықтарымен тығыз байланыста болады.

Кәсiпорын деп пайда алу және оны көбейту мақсатында бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтердi өндiрумен, өткiзумен айналысатын заңды түрде құрылған дербес шаруашылық субъект немесе заңды тұлғаларды айтады.

Кәсіпорынның басты мақсаты барынша жоғары пайда алу және жоғары пайдалылыққа жету. Осы мақсатқа жету үшін кәсіпорын алдына төмендегідей міндеттер қойылады:

- сұранысқа сай және қолда бар өндірістік мүмкіндіктерді пайдалана отырып жоғары сапалы өнім шығырып, қызмет көрсету және оны жүйелі түрде жаңартып отыруы қажет;

- өндірістік ресурстарды ұтымды пайдалану;

- кәсіпорынның стратегиясы мен тактикасын жасау және жағдайлардың өзгеруіне қарай түзетулер енгізу;

- өндіріске, еңбекті ұйымдастыруға және басқаруға алдыңғы қатарлы жағалықтарды енгізіп отыру;

- өзінің жұмыскерлерінің жағдайын жасау, олардың біліктілігін арттыру, еңбек ұжымындағы әлеуметтік-психологиялық ахуалды жоғары деңгейде ұстуы қажет.

Өнеркәсіп кәсіпорынның атқаратын қызметтері мыналар:

өндірісте және жекеше тұтынылатын өнім шығару;

тұтынушыға өнімді жеткізу және сату;

өнімді сатып болғаннан кейін қызмет атқару,

кәсіпорындардағы өндірісті материалдық-техникалық жабдықтау;

кәсіпорын жұмысшыларының еңбегін ұйымдастыру және басқару;

кәсіпорындағы өндіріс көлемін жан-жақты дамытып, ұлғайту;

кәсіпкерлік;

салықтарды төлеу, мемлекеттік бюджеттің және басқа да қаржы ұйымдарының міндетті және міндетті емес төлемдерін орындау;

мемлекеттік заңдарды, нормативтер мен стандарттарды орындау.

 

Өндірістік жүйе ретінде кәсіпорынның ішкі және сыртқы ортасы болады.

Сыртқы ортаға экономикалық саясат, құқықтық жағдай, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және технологиялық жағдайлар жатады.