Аштықта жеген құйқаның, дәмі кетпес ауыздан
Кейде тіпті қолымызда бар нәрсенің қаншалықты құнды екенін түсінбегендіктен оған байланысты Аллаға шүкір айтпаймыз. Алайда көбіміз, қолымыздағыдан айырылғанымызда ғана оның қадіріне жетіп оны бағалаймыз. Ауамен демалып еркін тыныс алған адам үшін бұл қалыпты жағдай деп ойлаймыз. Осылай болуға тиісті және мұнда шүкіршілік ететін ештеңе жоқ сияқты әрекет жасаймыз. Алайда тыныс жолдарының қатерлі ісігі ауруына ұшыраған адамдар тіпті бір жұтым ауаның бағасын біледі. “Аштықта жеген құйқаның, дәмі кетпес ауыздан” деп бабаларымыз айтқандай көбіміз қолда барда алтынның қадірін біле бермейміз.
Кейде адам баласы қолында жоқ нәрселерге көз тіккендіктен, қолындағының құнын түсінбейді. Кейде тіпті балаларға өзгелердің ойыншығы құнды көрінетіні сияқты сиық танытамыз. Сондықтан, шүкіршілік ету үнемі есте сақталуға тиісті бір әрекет. Ол үшін адам өмірге шариғат призмасы арқылы қарау керек. Яғни Құран ақиқаттарының құндылықтарын жүрекке сіңіріп оны өмірге қолданысқа енгізуі тиіс. Сонда ғана қараңғыда қалған адам түнде көруге арналған көзілдірік киген тәрізді, барлық нығметтің құны мен маңызы алдынан жарқырап шыға келеді.
Шүкіршілік мұсылманның сипаты
Алла Тағаланың адам баласына бұйырған құлшылықтың бірі – шүкіршілік. Ол жайлы Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Енді, Meні еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкіршілік қылыңдар да қарсы болмаңдар»,-дейді.
Адам баласы – Алла құзырында дәрежесі өте жоғары жаратылыс. Құранда:
«Ол сондай Алла сендерді жер жүзінде орынбасар қылды. Сонда кім қарсы келсе, қарсылығының обалы өзіне»,-делінеді. Тағы бір аятта:
«Расында Адам баласын ардақтадық. Сондай-ақ, оларды құрлықта да, теңізде де көліктендірдік. Әрі оларды жақсы нәрселермен қоректендірдік. Һәм оларды жаратқандарымыздың көбінен не құрлым артық жараттық».
Шын мәнінде жоғарыдағы аятта айтылғанындай Алланың нығметін санасақ, санына жете алмасымыз — ақиқат. Міне, осындай жоғары мәртебеге ие жаратылыс ретінде жер жүзінде сан-санақсыз нығметтермен ризықтандырып, өмірдің сан алуан жақсылықтарын нәсіп еткені үшін Аллаға құлдарының шүкіршілік етуі заңды емес пе?! Осындай орасан нығметтердің төлеуі ретінде Аса қамқор, Ерекше Мейірімді Алла Тағала бізден болмашы ғана құлшылықты талап етеді. Ол – бүгінгі тақырыбымызға тұздық болып отырған шүкіршілік ету құлшылығы.
Бірақ, адам баласы барды да, жоқшылықты да көтере алмайтын әлсіздігінен Аллаға көп шүкір етпейді.
Шүкір ету – әрбір момынның білуі, атқаруы тиіс болған ғибадаттың бірі, мұсылманшылық әдептердің бір ұстыны.
Алла Тағаланың кеңшілігі мен мейір-рахметі сондай, Ислам дінінде дәріптеліп, талап етілетін бір құлшылықтың өзінің сан алуан түрі мен формасы болады. Күнделікті өмірде адам баласына шүкіршілік етудің өзін әртүрлі, сан алуан формада жүзеге асыруына болады. Мәселен; жүрекпен шүкір ету, тілмен шүкір ету және амалдармен шүкір ету.
Тағы бір аятта былай делінеді:
«Шын мәнінде күлдірген де, жылатқан да Ол. Өйткені, өлтірген де, тірілткен де Ол. Шүбәсыз Алла, ер, әйелді жұп жаратқан. Тамызылған бір тамшы “мәни” суынан. Шәксіз екінші жасау да Оған тән. Сөз жоқ, байытқан да, өркендеткен де Ол».(Нәжім – сүресі, 43-48 аят) Енді бір аятта Алла Тағала әрбір еңбекті зая жібермейтіні жайлы баяндап былай дейді:
«Адамзат; еңбегіне қарай ғана табысқа ие болады».(Нәжім сүресі, 39аят) Демек, адам баласының шүкірі шынайы, көркем болған сайын Алла құзырындағы дәрежесі де биіктей түседі деген сөз.
Осыны ұққан әрбір мұсылман әр нығметтің Алладан екендігін білуі және ешқашан естен шығармауы тиіс. Міне, бұл жүрекпен шүкіршілік жасау болып табылады.
Тілмен болған шүкір
Тілмен шүкір ету дегеніміз «Аллаға шүкір (Әлхамдулилла)», «Шүкіршілік», «Осыны берген Аллаға мың шүкір» деген секілді сөздерді айту арқылы берілген нығыметтердің Алладан екенін мойындап, әрдайым шүкір етіп жүру.
Құран Кәрімнің анасы, бастауыш сүре – «Фатиха» сүресінің өзі «Барлық мақтау әлемдердің Раббысы болған Аллаға тән» деп, Аллаға мадақ айтып, шүкіршілік етумен басталады. Бұл сүренің әрбір намаздың әр рәкағатында қайталанатынын ескерсек, тілмен шүкір етудің жарқын үлгісін көрсеткен аят күніге 40 мәрте қайталанады.
Бір күні Пайғамбарымыз (ﷺ) бір адамның намаздан кейін Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат айтпастан, «Уа, Алла Талаға! Мені кешіре гөр, жарылқай гөр» деп дұға жасап жатқанын естіп, содан: «Бұл адам асығыстық қылды» дейді де, ол адамды шақырып: «Сіздерден біреулеріңіз дұға жасамақшы болсаңыздар, алдымен Аллаға мадақ айтып, сосын Пайғамбарға (ﷺ) салауат жолдасын да, қалағанын сұрасын»,-деп бұйырады. (Әбу Дәуіт, «Намаз», 358; Тирмизи, «Дағуат», 65)
Бұл хадисте ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) бүкіл адамзат баласына Алладан дұға жасаудың керемет үлгісін насихат етіп отыр. Әрине, бұл Құран Кәрімнің өзі Аллаға мадақпен басталады және көптеген сүрелерде қайталанады. Бұл Аллаға мадақ айтудың маңыздылығын білдірсе керек. Шындығында да, Аллаға деген әрбір мадақ айтуымыз – шүкір, әрбір шүкіріміздің өзі Алланың нығыметтері үшін айтылған мадақ болып саналады.
Ардақты Елші (ﷺ) тағы бір хадисінде:
«Аллаға мадақ айту – шүкірдің басы. Аллаға мадақ айтпаған Оған шүкіршілік жасамағаны» (Суйути, Фейзу’л-Қдир, ІІІ, 418),-деп айтқан екен.
Осылайша, үмметіне үн қатқан Алла Расулы (ﷺ) өзі дұға жасаған кезде әрдайым дұғасын Аллаға мадақ айтумен бастап, қажетін сұрап болғасын да «Әлхамдулилла» деумен дұғасын тамамдайды екен. Бұның өзі Алла Елшісінің (ﷺ) шынайы шүкіршілігінің бір көрінісі болса керек.
Алла Тағала әрбір ризыққа шүкіршілік етуіміз керек екенін ескертіп, қасиетті Құран Кәрімде былай дейді:
«Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер. Әрі Аллаға шүкірлік етіңдер, егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар» (Бақара сүресі, 2/172) Демек, шүкір ету – біздің шынайы құл екеніміздің көрінісі, мұсылманшылығымыздың асыл сипаты, Алла Тағаланың әмірі.
Пайғамбарымыз (ﷺ) да:
«Кімде-кім тамақтанарда «Менің күш-қуатымсыз мені ризықтандырып, тамақтандырған Аллаға мадақ» десе, кішкентай күнәлары кешіріледі»,-деп, шынайы құлдың әрбір тамақтанар сәтінде де Аллаға шүкір етуінің қажеттілігін баса дәріптейді.
Міне, осылардың барлығы тілдің қатысумен, құлдың ауызбен айтуы арқылы болатын шүкіршілік көріністері. Алланың ныметіне деген шүкірді тек жүрекпен сезініп қана қоймай, тілімізбен айтудың өзі дініміздегі маңызды бір құлшылық екенін ұмытпағанымыз абзал.
Денемен жасалатын шүкір
Шүкіршілік жайлы айтқан кезде, басқа құлшылық түрлері секілді бұл ғибадаттың да дене мүшелердің қатысуымен жасалатынын ескерген жөн. Яғни, дене мүшелеріміздің Аллаға ғибадат етуі, Алла ризалығы жолында қызмет жасауы, құлшылықтар атқарып, үкімдерге бағынуы дененің шүкірі болып табылмақ.
Риуаяттарға қарағанда, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) түні бойы аяқтары ісігенше намаз оқып шығатын болған. Сонда Хазіреті Айша (р.а) анамыз тұрып;
– Уа, Алланың Расулы (ﷺ)! Алла Сіздің бұрынды-соңды күнәларыңыздың барлығын жарылқаған ғой. Ғибадат үшін мұншама қиналғаныңыз не?,-деп сұрағанда Алла Елшісі (ﷺ):
– Мен шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?,-деп жауап береді.
(Бұхари, «Тәһажжут», 6; Муслим, «Сифату’л-Мунәфикина уә Ахкәмиһим», 18)
Сондықтан, шүкіршілік Пайғамбарлардың, періштелердің және таңдаулы құлдардың ерекшеліктерінен. Бұл туралы Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
«Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз» (Сәбә сүресі, 34/13)
деп, шүкір етушілердің аз болатынын меңзесе керек.
Бірде Хазіреті Омар (р.а) бір адамның «Иә, Алла! Мені сол аздардың қатарында қылғын!» деп дұға жасағанын естиді де;
– Бұл қандай дұға?-деп сұрайды. Дұға жасаушы болса:
– Алла Тағала; «Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз» демеді ме? Мен сол аз ғана шүкір етушілердің қатарында болғым келеді,-деп жауап береді. Сонда Хазіреті Омар:
– Омардан басқаның бәрі хабардар (білгір),-дейді
Шүршілік нығметті арттырады
Құран аяттарына сүйенетін болсақ, күнделікті өмірде Алланың берген нығметтерін еске алып, шүкіршілік етіп отыратын болсақ, бұл ісіміз нығметтің баяндылығы мен одан ары көбеюіне себеп болады екен. Ал, шүкірсіздік жасайтын болсақ, ол Алланың азабына ұшырауымызға себеп болатындығы аятта баяндалған. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде:
«Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатал» (Ибраһим сүресі, 14/7) делінеді.
Демек, Алла Тағаланың берген нығметтеріне шүкіршілік жасауы құлдың білімділігі мен парасаттылығы, бойұсынушылығы болып саналмақ. Ал, бұны атқармауы Аллаға деген қарсылық екені аяттан белгілі болып тұр. Егерде кімде-кім надандықпен Алланың нығметтеріне шүкірсіздік танытып, қарсы келсе, қатты азаппен азапталатындығын көреміз.
Сондай-ақ, шүкіршіл құлдардың сыйлығы жайында да Құранда сүйінші аяттар бар. Мәселен, мына бір аятта:
«Егер шүкірлік етіп, иман келтірсеңдер, Алла сендерді неге азап қылсын? Өйткені, Алла (Т.) шүкірлікті бағалаушы, толық білуші» (Ниса сүресі, 4/147) делінеді. Демек, шүкіршіл болудың дүние-ақыреттік пайдасы орасан болмақ.
Әрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың берген нығметі мен жақсылықтарын әрдайым жадынан шығармай, тілімен де, денемен де шүкір етіп жүруді әдетке айналдыруы мұсылманшылықтың үлкен сипаттарының біріне ие болуы деген сөз. Шүкіршілік – мұсылманның ізгі амалдарының бірі. Ендеше, уағызымыздың соңын осындай ізгі амалдардың есесіне қандай сый жасалатыны жайлы Құран аятымен тамамдасақ:
«Расында сондай иман келтіріп, ізгі іс істегендердің имандары себепті Раббылары, оларды астарынан өзендер ағатын Нағым жәннәтінің жолына салады. Олардың ондағы дұғалары: «Әй Алла! Пәксің» әрі олардың ондағы амандасулары: «Сәлем» және олардың дұғаларының соңы: «Барлық мақтау әлемдердің Раббы, Аллаға тән!»,- деу болады» (Юнус сүресі, 10/9-10)
ҚОРЫТЫНДЫ
Расында, шүкіршілік ету нығымет пен жақсылықты бағалауға жетелейді. Біз өзімізге мардымсыз болса да сауға сыйлап, жақсылық жасаған кісіге бір ауыз рахмет айта алмасақ, бұнымыз дөрекілік пен білімсіздік болар еді. Ал, бізді жаратқан, өмір сүргізіп, алуан түрлі нығметтер берген Аллаға шүкір етпеуіміз барып тұрған қанағатсыздық болмай ма? Қанағатсыздарды адам да, Алла да сүймейтіні ақиқат.
Алла Елшісі (ﷺ) Раббымыздың өзіне берген айырықша нығметін еске алып, денемен шүкіршілік етіп, құлшылығын бекемдеген болса, біздер де солай әдеттенуге құлшынуымыз керек. Яғни, бұл өмірде біліп-білмей істеп жүрген күнәларды тоқтатуға, ары қарай Алланың мейір-рахметіне лайық құл болуға құлшынып, құлшылықтарымызды толық орындап, Алла әміріне толық бойұсынуға құлшынудың өзі дененің шүкіріне жататынын білдіреді.
Шайтанның бүтін күш-қуаты, адамдарды Аллаға шүкір етуден және Алланы мадақтаудан тосуға бағытталған. Шайтан Адамға (ғ.с) сәжде жасамағаны үшін лағнетке ұшырағанда, Алладан қиямет күніне дейін мұрсат сұрағанын бәріміз білеміз. Шайтанның ондағы мақсаты да адамды тура жолдан, Алла сүйетін құлшылықтарды толық жасаудан тыйюға үндеу еді.
Сондықтан, шүкіршілік ету барысында да Шайтанның тұзақтарынан, азғыруынан барынша сақтанғанымыз жөн.
Алайда, Алла Тағала шүкірсіздікті сүймейді. Алла сүймейтін істен аулақ болып, Алла сүйетін іске ынтық болу – мұсылмандықтың белгісі. Бұл істе де екі дүниеміздің жолбастаушысы болған Құран бізге бағыт-бағдар ұсынады. Құранның түсу мәнісінің бірі адам баласына тура жол көрсету және тәрбие беру болса өмірдің барлық жақтарын қамтыған қасиетті Кітап адам баласының бұл кемшілігін (шүкіршілік етпеу) де айналып кеткен жоқ.
Ендеше Алла Тағала бізді нығметтеріне шүкір ететін шүкіршіл пенделерінен қылсын! Шүкірсіздіктен, күпірліктен сақтасын! Жасаған амалдарымызды, ғибадаттарымызды қабыл алсын! Әмин!
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Құран кәрім, Қазақша мағынасы және түсінігі, Халифа Алтай.
2. Хадис шәрифтер, Бухари, Мүслім, Әбу Дәіт, Тирмизи, Насаи.
3. «Жұма мінбері» Алматы, 2012.
4. Ислам және өркениет газетінен.
5. Иман журналынан.
6. muftyat.kz
7. azan.kz
8. muslim.kz
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ.. 3
НЕГІЗГІ БӨЛІМ... 5
Шүкірлік ету туралы жалпы түсініктеме. 5
Аллаға шүкіршілік етудің маңыздылығы.. 20
Аштықта жеген құйқаның, дәмі кетпес ауыздан. 22
Шүкіршілік мұсылманның сипаты.. 23
Тілмен болған шүкір. 24
Денемен жасалатын шүкір. 26
Шүршілік нығметті арттырады.. 27
ҚОРЫТЫНДЫ... 29
Пайдаланылған әдебиеттер. 30