Компьютерде жұмысты аяқтау
Компьютерде жұмысты аяқтағаннан кейін компьютердің қоректендіргішін ажырату керек. Оны екі жолмен жасауға болады:
· Егер Windows операциялық жүйесімен жұмыс істесек, «Жұмысты аяқтау» мәзіріндегі «Компьютерді сөндіру» командасын орындау керек. Бұл жағдайда компьютер автоматты түрде сөнеді немесе экранда «Енді қоректендіргішті ажыратуға болады» деген жазба пайда болады. Сол кезде ғана компьютердің алдыңғы тақтасындағы қоректендіргіштің батырмасын басып сөндіруге болады.
· Егер жұмыстың аяқталуы ескерілмеген DOS немесе басқа операциялық жүйеде жұмыс істесек, жай ғана компьютердің алдыңғы панеліндегі қоректендіргіштің батырмасын 3-5 секундтай басып тұрып сөндіру қажет.
Дегенмен, қатқыл дискінің активтік индикаторы жанып тұрса, компьютерді сөндірмеу керектігін ескерген жөн. Өйткені бұл деректемелердің жойылуына әкеледі.
Егер компьютерді ұзақ уақыт аралығында қолданбайтын болса, онда компьютердің қоректендіргіш баусымдарын айнымалы тоқтың торабынан ажырату қажет екенін ұмытпаған абзал.
1.3 Компьютер құрастырушының аспаптары мен құрал-саймандары
Алдымен компьютерді құрастыру, бөлшектеу, жөндей немесе техникалық қызмет ету үшін біршама аспаптар мен құрал-саймандар қажет болуы мүмкін.
Инженер-электроншының үнемі қолданатын құрал-саймандары
1.10-суретте көрсетілген.
1.6-сурет. Дәнекерлейтін аспаппен жұмыс жасау кезі
1.7-сурет. Инженер-электроншының құрал-саймандары
Кұраушылар микросхемасының жұмыс жасау қабілетін тексеру үшін мультиметр қажет. Ол әртүрлі электр көрсеткіштерін тексереді.
1.8-сурет. Көпқызметті мультиметр
1.9-сурет. WDD Weller дәнекерлейтін аспаптар жүйесі
Сервистік орталықтарда есептеуіш және кез келген электроникасы бар тұрмыстық техникаларды арнайы жөндеу аспаптары болады, солардын бірі дәнекерлейтін аспаптар жүйесі.
Жөндеу жұмыстарының түрлеріне қарай қосымша құраушыларын бөлек сатып алуға болады (әр түрлі мөлшерлі қондырмалар). 1.12-суретте дәнекерлейтін аспаптар жүйесінің негізгі құраушылары көрсетілген.
Атап кететін жайт, кез келген электрониканы дәнекерлеу уақыты 3 секундттан аспауы тиіс, себебі жоғары температурадан жұмысқа жарамды элементтер қызып кетуі мүмкін. Сондықтан қиын жерлерін трафаретті қондырмалар көмегімен дәнекерлейді.
Әсіресе, элементтерді микросхемалық тақшаға дәнекерлеп жапсыруға қажеті қорытпа (припой, қалайы) арқылы ұстатады.
1.4 Компьютерді құрастыру және бөлшектеу
Компьютерді құрастыру үшін алдымен антистатикалық қолғап немесе антистатикалық білезікті қолға тағу керек. Осы құралдар болмаған жағдайда, құрылғыларды ағытпаларына орнатар кезде, екінші қолмен жүйелік блоктың қорабын ұстап тұру қажет.
1.10-сурет. Антистатикалық қолғап және білезік
Компьютерді құрастыру мен бөлшектеу үшін мынадай алгоритм бойынша қызмет еткен жөн:
1. Алдымен орнататын құрылғылардың орауларын шешу керек;
2. 1.15-суретте көрсетілгендей қажет құрал жабдықтарды жинақтап алыңыз;
3. Әрбір бөлшектің аталуын дәл білуге ұмтылыңыз;
4. Жүйелік блокқа орналастырылатын жүйелік тақтаның орны мен оны бекітуге қажет болатын бұрандалар мен саймандарды дайындаңыз;
5. Қорапты өз ыңғайыңызға қарап, көлденеңінен оң жақ бетін төменге қаратып үстелге қойыңыз;
6. Жүйелік блогына жүйелік тақшамен келетін енгізу-шығару тақтасын жүйелік блоктың ішінен орнату керек;
7. Монтаждық көзге жүйелік тақшаның тесікшелері дәл келетіндей етіп жай ғана қойыңыз;
8. Дәлдікке көзіңіз жетсе ғана бұрандаларды бекітіңіз.
9. Процессорды жүйелік тақшаның процессорлық ұясына орнату (кейде жүйелік тақшаны жүйелік блогына салмастан бұрын тақшаны тегіс жерге қойып процессорды орнатып алады);
10. Процессордың үстіне термосықпаны жағып, кулерді орнату (термосықпа процессор мен салқындатқыш арасындағы жылу алмасуын жақсартады);
11. Қоректендіру блогы баусымдары жүйелік тақшаға жалғанатындай етіп, қораптың сыртқы артқы тақтасына коректендіру блогынан электр тогына жалғайтын ағытпа қарайтындай етіп оң жақ жоғары жағына орналастырып бекітіңіз;
12. Диск-жетектерді (FDD, CD-DVD) компьютердің алдыңғы тақтасына орналастырыңыз;
13. Қатқыл дискіні қораптың ішкі алдыңғы бөлігіндегі орынға орналастырып, бұрандалармен бекітіңіз;
14. Бейнекартаны, жедел жадыны жалғаңыз.
15. Жүйелік блогына желдеткіштерді орнату;
16. Тағы басқа құрылғылар болса жүйелік блоктың бітеуіштерін ағытып алып орнатуға болады;
17. Құрылғылардың барлығын орнатқан соң кабельдер мен байсымдарын ағытпаларына орнату қажет;
18. Компьютер жұмысқа дайын екеніне көз жеткізіңіз.
19. Осы әрекеттерден соң жүйелік блоктың қорабын жабуға болады.
1.11-сурет. Жүйелік қорабының айырып-қосқыштар мен индикаторлардың қосу схемасы
1.12-сурет. Компьютерді құрастыру кезіндегі көрініс
1.13-сурет. Жүйелік тақшаны орнату жолы
1.14-сурет. Алдыңғы суретте көрсетілген құраушылардан құрастырылған жүйе
Компьютерді бөлшектеу үшін жоғарыда көрсетіліп кеткен әрекеттерді кері қарай орындау қажет.
1.5 Компьютерді жаңғырту
Кез келген құрылғы біраз уақыт өткеннен кейін өзінің мүмкіндігін жоғалта бастайды немесе қазіргі заманның талабына сай келмейді. Басты себебі – ешкім өзгертіп жоя алмайтын және қашанда үзіліссіз даму үстіндегі ғылыми-техникалық үрдістің болуы.
Компьютерлер және кез келген компьютерлік техникаға келсек, құраушыларының ескіруі немесе істен шығуы техниканың жұмыс жасауының нашарлағанынан байқауға болады. Сондықтан, ерте ме кеш пе жүйені жаңғыртуға тура келеді.
Жаңғырту (модернизация, апгрейд) – ескірген құрылғыны жаңасына ауыстыру немесе берілген конфигурацияға жаңа құрылғыны қосу. Басқаша айтқанда, бастапқы конфигурацияны қолданушының жаңа талабына сай өзгерту.