13 Дәріс. Әлемдік саясат және қазіргі заманғы халықаралық қатынастар
1. Халықаралық саяси институттар, олардың түрлері, мақсаттары және өмір сүру ерекшеліктері.
2.Қазіргі заманның жаһандық проблемалары ұғымы, жаһандық проблемалардың типтері.
3. Жаһандық проблемаларды шешудегі халықаралық ынтымақтастық.
4. Қазіргі заманның жаһандық проблемалары жүйесіндегі Қазақстан
5. Геосаясат
Дүниежүзілік саясат және халықаралық қатынастар Дүниежүзілік саясат ұғымы. Халықаралық қатынастар жүйесі, саяси, экономикалық, идеологиялық, құқықтық, дипломатиялық, әскери, мәдени және басқа да байланыстар мен халықаралық қатынастар субъектілерінің арасындағы қатынастардың жиынтығы ретінде. Халықаралық қатынастар субъектілері (мемлекет, халықаралық ұйымдар). Халықаралық қатынастардағы қажеттіліктер мен мүдделер, нормалар және құндылықтар. Халықаралық қатынастардың типтері мен түрлері. Геосаясат.
Халықаралық институттар, олардың түрлері, мақсаттары және өмір сүру ерекшеліктері. Халықаралық қақтығыстардың себептері, олардың түрлері, салдарлары, алдын алу жөне шешу тәсілдері.
Қазақстан Республикасы сыртқы саясаты, оның көп бағыттылық сипаты. Қазіргі заманның жаһандьгқ проблемалары
Қазіргі заманның жаһандық проблемалары ұғымы және типтері: ядролық соғысты болдырмау және жаппай қырып-жоятын ядролық қаруды қолданбау мен қысқарту, экологиялық, демографиялық және азық-түлік проблемалары. Лаңкестік және экстремизм проблемалары, есірткіні өндіру және тарату (есірткі бизнесі және есірткі трафигі), дамушы елдердің артта қалуы мәселелері. Жаһандық проблемаларды шешудегі халықаралық ынтымақтастық. Адамзаттың XXI ғасырдағы әлеуметгік-саяси дамуына болжам жасау. Жаһандық проблемалар, халықаралық ұйымдар.Қазіргі заманның жаһандық проблемалары жүйесіндегі Қазақстан.
Геосаясат адамдардың белгілі бір мақсатқа жету үшін билікті қалайша тудырып оны сақтауын бейнелеу үшін қолданылатын әдіс болып табылады. Мемлекет деңгейінде бұл әдіс мемлекеттің мүдделеріне жету және қызметін атқаруда саясат, экономика және әскери күшті қалайша қолданатынын көрсетеді. Бұл пікірлер алғашында аймақтың жалпы географиялық және тарихи жағдайын қарастырады, және сонымен қатар бес мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуын жеке-жеке қарастырады. Евразия континентінің төрінде орналасқан Орталық Азия көне Жібек жолындағы ең маңызды жерге ие болып, бірнеше ғасырлар бойы стратегиялық маңыздылыққа ие болды. Орталық Азия аймағының үш тарапында мықты мемлекеттер орналасқан – солтүстікте – Ресей, шығыста – Қытай және батыста – Еуропа. Орталық Азия бұл мемлекеттер арасындағы қатынас жолы және сонымен қатар бұларды бір-бірінен қорғайтын аймақ ретінде пайдаланылды. Атақты Британ ғалымы сэр Хэлфорд Маккиндер (1861-1947), геосаясаттың маманы келесідей пікір ұсынған болатын. Кімде кім Орталық Азияға билік орнатса, Евразия континентіне билік етеді, ал кім Евразия континетіне билік орнатса, онда ол әлемді билеуге мүмкіндік алады. Бұл Орталық азияның ғаламдық геосаяси қатынастардағы маңыздылығын көрсетеді. 1991 жылы Кеңес үкіметінің ыдырауы нәтижесінде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан және Өзбекстан мемлекеттері тәуелсіздікке қауышты. Дегенмен, бұлардың халықаралық саяси және экономикалық қатынастардағы орны қырғи-қабақ соғысының аяқталғанына қарамастан әлсіз болатын. Олардың бай мәдениеті мен түрлі-түсті дәстүрлері басқа мықты мәдениеттер тарапынан қабылданбады. Алайда, жағдай Америкадағы 11-і қыркүйек лаңкестік шабуылдарынан соң өзгерді. Бұл шабуылдан соң АҚШ Ауғанстанға әскер енгізді, нәтижеде Орталық Азия аймағы анти-террористік шаралардың базасына айналып, халықаралық қауымдастықтың назарын өздеріне аударды.
14. Халықаралық қатынастар жүйесіндегі Егеменді Қазақстан. ҚР сыртқы саясатының негізгі басымдықтары
1. Егемен Қазақстанның саяси шынайылық ретіндегі қалыптасуы мен дамуы
2. Жалпыреспубликалық референдум және ҚР жаңа Конституциясының қабылдануы
3. Қазақстанның сыртқы саяси және экономикалық байланыстарын дамыту
4. Республиканың халықаралық форумдарға қатысуы
КСРО-ның ыдырау барысын тездеткен 1991 жылғы тамыз бүлігі 1991 жылдың қазанына қарай көптеген республикалардың өз тәуелсіздігін жариялауына септігін тигізді. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жөнінде Конституциялық Заң қабылдауы улкен айтыс-тартыстың арқауы болды. Сөз жоқ, осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның тәуелсіздігі жөніндегі Заң көптеген қарсылықтарға ұшырар еді, 1991 жылдың соңғы 4 айының ішіндегі саяси процестер тығырықтан шығудың табиғи жолына бастап әкелді: Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялады. «Мұндай заңды көп ұлтты Қазақстан халқы көптен күткен еді, - деп мәлімдеді республиканың халық депутаты С.Сартаев, - егер де оны біздің халқымыздың көптеген ұрпақтары жақындата түсті десем, ақиқатқа қарсы айтқан болмас едім. Тәуелсіздік үшін күрес үздіксіз дерлік жүргізіліп келді».
Қабылданған құжаттың 1-бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық, унитарлық және құқықтық мемлекет деп анықтама берілген. Ол өз аумағында барлық өкімет билігін толық жүзеге асырады, ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізеді, басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынасын халықаралық құқық қағидалары негізінде құрады. Қазақстан аумағы біртұтас, бөлінбейтін және қол сұғылмайтын болып табылды.
Заңның 2-бабында республика азаматтары ұлтына, діни сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатыстығына, шыққан тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, кәсібіне, тұрған жеріне қарамастан барлық құқықтар мен міндеттерді, бостандықтарды пайдалана алатыны атап көрсетілді. Егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттіліктің қайнар көзі республика азаматтары болып табылады. Республика аумағынан кетуге мәжбүр болған және басқа мемлекеттерде тұратын қазақтарға өздері азаматтары болған мемлекеттің заңдарына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының азаматтығын да қоса алу құқығы берілді. Республика аумағынан жаппай қуғын-сүргін, күштеп ұжымдастыру, басқа да адамгершілікке қайшы акциялар барысында қашып шыққандар мен олардың ұрпақтарының елге оралуына қолайлы жағдайлар жасалды.
Мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі қазақ ұлты және Қазақстанда тұратын басқа ұлттар мен ұлт өкілдері мәдениетінің қайта өрлеуі мен дамуына қамқорлық жасау болып табылады.
Қазақстан Республикасы дүниежүзілік қауымдастықтың тең құқықты мүшесі, ол өзінің тәуелсіздігін қорғау мен ұлттық мемлекеттілігін нығайту шараларын қабылдайды. Республиканың ажырамас құқығын құрайтын мәселелерді шешуге кез келген сырттан қол сұғушылық оның мемлекеттік тәуелсіздігіне нұқсан келтіру ретінде бағаланады. Қазақстан Республикасының өз мемлекеттік рәміздері - Елтаңбасы, Туы, Әнұраны бар. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң тарихи маңызды құжат және егеменді, демократиялық қоғам қалыптастырудың негізі болып табылады.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңды қабылдау жөніндегі хабарды республика халқы қуана қарсы алды. 1991 жылғы
Республиканың мемлекеттік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен 1992 жылғы қаңтарда Ішкі істер әскері құрылды. Армия қатарына шақырылған жастар Қазақстан аумағында әскери борышын өтеу мүмкіндігіне ие болды. Бұрын, ұзақ жылдар бойы «эксаумақтық» қағида бойынша әскерге шақырылғандар туған жерінен неғұрлым алыс аумақтарда қызмет етуге тиіс болатын. 1992 жылы тамызда Республика Президенті әскери қызметшілер үшін әскери анттың жаңа мәтінін бекітті.
15. 2050 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегиясы
1. Мемлекеттің жаңа саяси бағыты
2. ҚР мемлекеттік жастар саясаты
3. Экономикалық және сауда дипломатиясының дамуы
Еліміздің сыртқы саяси мүдделерін кең ауқымды қамтуы мен ұлттық мүдделерін қорғау барысында маңызды ұсыныстарының ішінен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру туралы бастама да тарихи маңыздылығы зор шешімдер қатарынан табылады (1992 ж.). Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңес (АӨСШК) – жалпы алғанда 3 миллиард халқы бар, 18 мемлекетті біріктірген, дүниежүзілік ішкі жалпы өнімнің үштен бірі тиесілі, Еуразия континентіндегі қауіпсіздікті нығайтуға өзінің қомақты үлесін қоса алған беделді халықаралық ұйым. Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының басты бағыты халықаралық экономикалық одақтармен қауымдастықтарға қатысу арқылы жаһандық экономикаға кіру болды. Осы мақсатта Біртұтас экономикалық кеңістік, ЕурАзЭҚ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Орта Азиялық ынтымақтастық шеңберіндегі жұмыстарды белсенді түрде атқаруда. Қазақстанның Азия Даму банкі, Бүкіләлемдік банк, Еуропа қайта құру және даму банкі, Еуропа инвестициялық қоры, Еуропа инвестициялық банкі одақтарындағы өзінің орнын нығайтуы еліміздің экономикалық даму кеңістігін әлемдік деңгейге көтерді. Осындай жан-жақты ішкі және сырқы саясаттың нәтижесінде Қазақстанда тиімді халықаралық ынтымақтастықтың берік жүйесі жасалды, еліміздің әлемдегі беделі жоғарылады. Бұған дәлел – Қазақстан Республикасына әр жыл сайын халықаралық беделді ұйымдарға төрағалық ету құрметті міндетінің жүктелуі. Ал осы ұйымдардағы төрағалық ету мерзімі төмендегідей: Азиядағы ынтымақтастық үнқатысуы – 2008-2009 жылдар, АӨСШК – 2006-2010 жылдар, ЕҚЫҰ – 2010 жыл, ШЫҰ – 2011 жыл, ИКҰ – 2011 жыл. Бұл ұйымдардың бәрі де әлемдегі ықпалды, көпқырлы саяси қызметтерімен танылған ұйымдар. Мысалы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ – ОБСЕ - OSCE) әлемнің ең дамыған демократиялық мемлекеттері құрған халықаралық ұйымы. Бұл ұйымға төрағалық етуге халықаралық сенім білдіру Қазақстан үшін, жоғары саяси бедел мен мәртебе. Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағы және Еуразия құрлығында осындай құрметті және жауапты миссия жүктелген бірінші ел болып табылады. 158 Ал Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) - халықаралық ұйымдардың ішіндегі ең ірі, ықпалды үкіметаралық мұсылман ұйымы болып табылады. Қазіргі кезде халқы 1,4 млрд –тан астам адам санын құрайтын 57 елді біріктіреді. ИҚҰ БҰҰ- дан кейін мүше мемлекеттер саны бойынша әлемде екінші орын алады. Ислам Конференциясы Ұйымының қауымдастырылған мекемелерінің кең жүйесі құрылған. Солардың ішінде Бүкіләлемдік банктің баламасы – Ислам даму банкі, қызметі ЮНЕСКО –мен ИСЕСКО-ға ұқсас және т.б. Осының бәрі Қазақстанға кең ауқымды мәселелер шешімдеріне қатысу мүмкіндігін береді. Осындай экономикалық және саяси одақтар мен қауымдастықтарға қатысу арқылы Қазақстан жаһандық экономикаға кірігу саясатын жүзеге асыруда. Қазақстанның егеменді және тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесі деңгейіне жетуіне басты негіз болған - - нақты іс жүзіне асырылған ішкі саясат. Олардың бірінші орынға қойылған басымдықтары: экономика, әлеуметтік саясат, мемлекеттің рөлін арттыру және т.б.
Қолданылатын әдебиеттер тізімі:
Негізгі әдебиеттер
1. С.Ф. Байтілеп. Саясаттанудың дәрістер курсы. Алматы: ЖҚ Отан, 2014 ж.